1990 жылдың мамыр айының орта кезі. Қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Огнев А. О. өзіне шақырып алып: «13- шағынаудандағы тұрғызылып жатқан жаңа мектептің құрылысының бітуі жақын, соған директор болып баруға қалай қарайсың?» – деп сұрады. Мен сол бойда жауап бере алмайтынымды айтып, ойлануға уақыт сұрадым. «Ұзақ ойланатын уақыт жоқ, жауабын тезірек бергенің дұрыс, ертең осындай уақыттан қалдырмай шешіміңді айт», – деп асықтырды. Тәжірибеден құр емеспін. Бұрын Жаңаөзеннің № 2 орта мектебінде бес жыл директор болып, одан кейін облыстық оқу бөлімінде инспектор болып істеген тәжірибелерім бар. Сонда мені ойландырған не? Ойландырған – қазақ тілі. Мектепті де, институтты да орыс тілінде оқып, жұмыс істегенде де орыс тілді мекемелерде істегенмін. Жиналыстарда көпшіліктің алдына шығып қазақша сөйлеп көрмегенмін. Мектепке барып алып «шала қазақ» атанып қалмаймын ба? Қазақ мектебіне директор болып бару үшін тілді жете білу керек. «Ертең халықтың алдына шығып алып, жартысын қазақша, жартысын орысша араластырып соғып тұрсам мені ұжым қалай түсінеді?» – деген сұрақтар біраз қинады.
Сосын бұрынғы облыстық оқу бөлімінде жұмыстас болған бір-екі жолдастарыма телефон шалып, ақылдастым. Олар «қазақша таза сөйлейсің , қорықпай бара бер» деп жел берді. Ертеңгі күні келіскен уақытта Огневке оң шешімге келгенімді хабарладым. Мамырдың 27-сінен мені мектепке директор етіп тағайындағаны туралы №123 бұйрықты қолыма ұстатып тұрып, іске сәттілік тіледі. «Бүгіннен бастап құрылысшылармен танысып, құрылыс барысын қадағалауға кіріс» деп нұсқау берді. Сол күннен бастап құрылыстың адамдарымен, жоспарларымен, жобаларымен танысып, мектеп тұрғызылып біткенше қайнап жатқан жұмыстың басы-қасында жүрдік. Мектептің жылу жүйесін, канализациясын, вентиляция және электр жүйелерін жүргізген кезде арасында жүріп, көзбен көріп, жобаларын жете түсініп алу керек болды. Шынында да соңынан сол жүргеннің үлкен пайдасын көрдік. Кейде бір жерлерде құбыр тесіліп, су далаға ағып кетіп жатады, немесе тоқ сымдары ажырап кетіп, жарық болмай қалып жатады. Сондайда бұл жүйелерді мектеп басшысының өзінің білгенінің еш зияны жоқ. Білетін адам задвижканы немесе вентильді тез тауып жауып, ағып жатқан суды тоқтатудың шарасын дер кезінде қолданады. Ал оны білмесең, шаруашылық меңгерушісін іздеуің керек, ол сантехникті іздейді. Сөйтіп, бірін-бірі іздеп тапқанша, аққан су мектепке үлкен зиян келтіруі мүмкін. Жүйелерді соншалықты қадағалап жүргеннің өзінде су қысымы дұрыс болмай, кейбір бөлмелерге жылу бармай жатады. Ондай кезде мектепті тұрғызған құрылысшыларды қайта шақырып жөндету керек болады. Тұрғызылған ғимаратты сақтап пайдаланудың осындай өзіндік қиыншылықтары болады. Мектеп ғимараты тұрғызылып болғаннан кейінгі қиын жұмыс – осы мектепті керекті нәрселермен жабдықтау, қажетті жиһаздармен, құрал-саймандармен қамтамасыз ету. Оқу бөлмелерінің, пәндер бойынша кабинеттердің, шеберханалардың, спорт және акт залдарының, асхананың құрал-жабдықтарын түгел тауып, орналастыру оңай жұмыс емес. Осы нәрселердің әрқайсысы әр жерден алынды. Біреулері өзіміздің Маңғышлақтағы базис дүкенінен алынса, біреулері ПГМК-ның, ПУС-тың қоймаларынан алынды. Олардың көпшілігі ажыратылған күйінде әкелініп, осы мектептің ішінде жиналды. Жинауға училищелердің студенттері көмекке шақырылды. Жинау олардың бәрінің қолынан келе бермейді, қате жинап қояды. Сондықтан оларға да көз болатын адам керек. Және ол кезде қажетті нәрсенің бәрі табыла бермейді. Ондай өте қажет нәрсенің қайда бар екенін тауып, билікте отырған бірнеше адамдарға өтініш жазып, зорға дегенде алатынбыз. Әлі есімде, сондай қиындықпен табылған дүниелердің бірі – медкабинетке алынған кішкентай тоңазытқыш және мектепке өте қажет болған электродрель. Бұл заттарды сол кездегі ПГМК-ның бастығы Кузнецовқа өтініш жазып, әрең алғанбыз.
Ол уақытта орыс халқы өкілдерінің билікті ұстап тұрған кезі. Қала тұрғындарының көпшілігі де орыс тілді болды. Сондықтан болар, сол кездегі әр ашылған мектеп үлкен айтыс-тартыспен, таласпен ашылып жүрді. Әсіресе біздің мектептен аз-ақ бұрын ашылған №16 және №20 мектептерді орыс тілінде ашуды талап еткендер көп болды. Бірақ балаларын қазақ тілінде оқытуға бет бұрған қазақтар да аз болған жоқ. Екінші жағынан бұл мектептің таза қазақ мектебі болып үлкен кедергісіз ашылуының бір себебі – бір шағынауданда екі мектептің болуы. Сондықтан шығар, бұл мектеп ашылғанда қарсылық көрсетушілер көп болған жоқ. Біздің мектептен үш жыл бұрын тапсырылған №17 орта мектеп орыс тілінде ашылып, соңынан араласқа айналып, қазақ сыныптары көбейе бастады. Сонымен Гурьев облысы, Шевченко қалалық халық депутаттары Кеңесінің атқару комитетінің 19.04.1990 жылы қабылданған №269 шешімімен 1990 жылғы 1-шілдеде қазақ орта мектебі ашылды. Бұл шешім бойынша, мектеп оқу жылын 945 оқушымен бастайды деп көрсетілген. Сонша оқушыны жинаудың өзі оңай болмайтындай болып көрінді. №13, №17 орта мектептердегі қазақ сыныптары түгел қабылданды. Оған қоса 12, 13, 14-шағынаудандардан №11 орта мектепке қатынайтын оқушылар қабылданды. Теледидар және радио арқылы, басқа да түрлі жиналыстарда мінбеге шығып, басқа мектептерде оқып жүрген балаларды шақырып, олардың ата-аналарының арасында үгіт жүргізіп, қосымша тағы біраз оқушы жинадық. Сондай үгіт-насихаттың нәтижесінде оқу жылын 1197 оқушымен бастадық. Ол кезде 1-сыныптың екі түрлі бағдарламасы болған: 6 жасарлар үшін, 7 жасарлар үшін. Сол жылы
1-сыныпқа ……… оқушыдан тұратын 12 сынып келді. Олардың 5 сыныбы –алтыжасарлар, 7-еуі – жетіжасарлар. Алтыжасарлар үшін мектептің Б-1 блогінің 5 бөлмесін керуетпен, төсек-орынмен жабдықтап, демалыс бөлмелерін ұйымдастырдық. 14 ұзартылған күн тобы жұмыс істеді. Соңынан мектепке 6 жастан бала қабылданбайтын болды. Демалыс бөлмелері оқу бөлмелеріне айналды. Баланың саны көбейе-көбейе 2000-нан асқан кездері болды. 1997 жылы жалпыға орта білім беру мәселесін реттеу мақсатында шығарған қалалық оқу бөлімінің бұйрығы бойынша 13 шағынауданның тұрғынүйлерін екі мектепке бөліп тапсырған: № 21 орта мектепке 1-25-үйлерді, №17 орта мектепке – 25-тен жоғары нөмірлі үйлерді. Оқушылар саны жылма-жыл тұрақты өсіп отырды. Сөйтіп өсе-өсе келіп, 1997-98 оқу жылының басында 2100-ге жетіп, мектепке симайтын болды. Сол уақыттағы жартылай бос тұрған көршілес №17 орыс орта мектебін пайдалануға тура келді. Қалалық оқу бөлімінің бұйрығымен барлық бірінші сыныптар (8 сынып, 193 оқушы) сол мектепке аударып берілді. Мектеп ғимараты іштей қосылған 5 блоктан тұрады: А, Б-1, Б-2, Б-3, В. Жоба бойынша мектептің 4 блогі 1568 орындық болып 40 сыныпқа есептелген. Бірақ сол кездегі талап бойынша 6 жасар балаларды оқытуға арналған тағы бір 300 орындық блок Б-3 қоса тұрғызылған. Сондықтан мектеп 1868 орындық болып саналады. Мектептің ашылған кезіндегі оқушының санының аз болғандығынан бос қалып тұрған Б-3 блокқа Абыл атындағы қазақ өнер мектебі орналастырылды. Ол өнер мектебі осы блокта он жылдан астам отырып, тек 2001 жылы басқа орынға көшірілді.
Сонау 1991-92 жылдары Қазақстан өз алдына республика болғаннан кейін бірнеше облыстарымызда қазақ-түрік лицейлері ашыла бастады. Біз облысымыз бойынша сондай лицей ашу мақсатында Түркиядан әуелі бір мұғалімді шақырып, мектепте түрік тілін оқытып бастадық. 1992-93 оқу жылы Сербест Ирфан (түрік мұғалімі) бір жыл бойы 10-11 сыныптарға түрік тілінен сабақ беріп шықты. Келесі 1993 жылы облыстық оқу басқармасы өз жанынан қазақ-түрік лицейін ашты. Оған директор етіп Ғабдуллина Қаманы тағайындады. Түркиядан жеке 4 мұғалім шақырып әкеліп, ғимарат тауып орналастырып, дербес оқу орны етіп, мектептен бөлек шығарды.
Ендігі қысқаша әңгіме – мектептің ашылған кезіндегі педагогтік ұжым туралы. Ұжымның негізгі құрамы №13, №17 мектептерден оқушыларымен бірге келген мұғалімдер болды. Сосын көптеген мұғалім Қызылтөбедегі №18 орта мектептен келді. Ол уақытта қазақтардың да көпшілігі балаларын орысша оқытуға тырысқан. Сондықтан бүкіл қала бойынша қазақ тілінде оқытатын бір-ақ № 11 орта мектеп қалған. Сол қазақ мектебінің өте аз болғандығынан қазақша оқыған мұғалімдер жұмыс таба алмай, қаланың сыртындағы мектептерде немесе тіпті басқа мекемелерде, өндіріс орындарында жұмыс істеп жүрген. Сондай сырттан келген мұғалімдер көп болды. Сөйтіп, жан-жақтан шақырып жинаған мұғалімдердің саны 80-ге жетті. Олардың ішіндегі жартысына жуығы жас кадрлар болды, және өнерлі де белсенді кадрлар көп болды. Мұғалімдер мен оқушылардың бірігіп, бірінші мұғалімдер күніне арнап өткізген кеші өте жақсы өтті. Сол күннен бастап ұжымның ұйымшылдығы байқала басталды. Ең басынан бастап кез-келген жұмыста аянбай белсенділік көрсетіп, ұжымды өрге сүйреген сол кездегі жастар Аталықов Қалыбай, Қоңыратбаев Мұратбек, Мошанов Қасым, Сатанбаева Ақтөре, Шынжырбекова Гүлзира, Шудабаева Сәуле, Байболатова Әсемхан, Қартбаева Динара, Үмбетова Жаңагүл, тағы басқалар мектептің абыройын асырып, туын жоғары ұстады. Мектептің мектеп болып қалыптасуына көп еңбек еткен Ізекеңді атай кетпей болмайды. Ізтұрған Қаржаубаев көп жылдар бойы қаланың мектептерінде директордың орынбасары болып істеген, тәжірибесі мол, жұмысына алғыр, оқушылардың да, оқытушылардың да тәртібіне қатаң қарайтын әділетті, талапкер аға еді.
Ізтұрған Қаржаубаев №13 орта мектептен өзінің сондағы басқарып жүрген қазақ тілді сыныптарымен бірге бізге бірінші орынбасар болып ауысып келген. Ол көп жылдар бойы қаланың мектептерінде директордың орынбасары болып істеген, тәжірибесі мол, жұмысына алғыр, оқушылардың да, оқытушылардың да тәртібіне қатал қарайтын әділетті, талап қойғыш аға еді. Сабақ кестесін шебер жасап, оқу процесін қадағалауда, мектептің статистикалық есебін жүргізуде оған ешкім теңесе алмайтын-ды. Марқұмның өмірі ұзақ болмады. 66 жасында арамыздан кете барды. Ұзекеңнің сондай адал еңбегін ескеріп, тұрған үйінің жарына қала әкімшілігі мемориалдық тақта орнатты.
Осы 21 жылдың ішінде тағы 7 мұғалім өмірден озыпты: Өмірова Дәмелі, Нұралинова Жанипа, Сисенова Күнсұлу, Қаражанова Жібек, Салатова Лида, Аманжолов Қаналқан, Бегайдарова Несіп. Осылардың бәрі де өз жұмысын адал атқарған, мұғалім атағына кір келтірмей өткен жандар. Топырақтары торқа болып, жатқан жерлері жайлы болсын. Сөз басындағы айтылған 80 мұғалімнің бүгінгі күні мектепте тек 28-і қалыпты (35%).
Ерболат Нұрмағанбетов Мектептің алғашқы директоры